«150 мың теңге көлемінде субсидия беріледі»: желіде тағы бір ақпарат тарады
Дәріханалар желісінің ресми сайтында 150 000 теңге мөлшеріндегі субсидия туралы жазылмаған
WhatsApp мессенджерінде сауалнамадан өтіп, Europharma дәріханалар желісінен медициналық субсидия алуға шақыру тарап жатыр. Биыл компанияға 56 жыл болады екен. Бұл ақпарат – алаяқтардың ісі, деп хабарлады stopfake.kz.
Дәріханалар желісінің ресми сайтында 150 000 теңге мөлшеріндегі субсидия туралы жазылмаған. Сонымен қатар ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы Europharma желісінің бірінші дәріханасының ашылғанына 27 жыл болады. Ал Instagram желісіндегі ресми парақшада дәріханалар иесі Aq niet Group компаниясына биыл 25 жыл болатыны айтылған. Демек, дәріханалар желісінің 56 жылдығы туралы ақпарат жалған.
Сондай-ақ ақпаратта көрсетілген сайт Aq niet Group компаниясына тиесілі емес және сауалнамадан өткені үшін ақша ұсынатын жүздеген басқа алаяқтық платформалар сияқты жасалғанына назар аударған жөн. Айта кетейік, ақшалай сыйлық алып, пікір жазған «қатысушылардың» есімдері шетелдік, ал Europharma дәріханалары тек Қазақстанда ғана бар.
Кибер алаяқтықтың бұл түрі фишинг деп аталады. Оның көмегімен алаяқтар пайдаланушылардың банк карталарының деректері, жеке аккаунттардың логиндері мен парольдері, электрондық пошта сияқты жеке ақпаратқа қол жеткізеді.