Сарыағашта 9-сынып оқушысын мектепте зорлаған мұғалімге қатысты тергеу аяқталды

Халық үні

Мұғалімнің тағдырын енді сот шешеді.

Фото: stan.kz

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Сорақысы сол, бұл оқиға мектеп қабырғасында болған көрінеді,– деп хабарлады Экспресс К.

Шымкенттік журналист Саида Турсуметованың мәліметінше, мектептегі оқиға болған жердің суреті полиция мен мұғалімдердің бірінде бар екен.  Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды. Автордың жазуынша, бұл жағдайдан кейін мектеп директоры ұжымды шұғыл жинапты. Оқиғаны жылы жауып қою үшін мұғалімдерден ақша жинайтын болған көрінеді.

«Оқушының ата-анасы қыздарының абыройын қаншаға бағалайды?» деген сұрақ туындайды. Әлгі ұстаз оқушы қызға үйленуге ниетті көрінеді. Бірақ қалай? Оның отбасы бар ғой, –  делінген жазбада.

Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді.

«Бұл мәселемен құзырлы органдар айналысуда. Ішкі тексеріс жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Әзірге ешқандай өзге ақпарат жария етілмейді. Егер ақпарат расталса, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы тиісті шара қолданады»,  – деді басқармадағылар.

Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер аталған оқиға бойынша қылмыстық істің тіркелгенін растады.

30 мамыр күні Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған қызына сексуалды сипаттағы іс-әрекетке қатысты арызданған.

«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша тіркелді. Күдікті жас жігіт анықталып, ұсталды. Қазір  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама  тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деді департаменттегілер.

Істі Полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды.

Факт «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер» бабы бойынша тіркелді. Тамыз айының басында ол бірнеше рет жасалған әрекет ретінде қайта сараланды, -дейді Сарыағаш аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Алмас Серікбаев.

Тергеу 3 айға созылды. Мұғалімнің тағдырын енді сот шешеді.