Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасындағы атыстан бір адам қаза тапты

Дастан Жұмабекұлы

Бүгін кешке дейін үш жерде қарулы қақтығыс болған

фото: ашық дереккөз

Бүгін таңертең қырғыз-тәжік шекарасындағы атыстан кемінде бір адамның қаза тапқаны, бірнеше адамның жараланғаны белгілі болды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, сәрсенбі күні таңертең Баткен облысы Булак-Башы маңында қырғыз шекарашылары тәжік сақшыларының шекараның даулы жеріне орналасып,  сол жерден кетуден бас тартып, оқ атқан. Қырғыз жағы да қарап қалмай, қару қолданған.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік ведомствосы хабарлағандай, тәжік әскерилері миномет қолданған. Атыстың салдарынан екі қырғыз шекарашысы жараланған. Ал тәжік тарапының айтуынша, 14 қыркүйекте таңертеңгі 7.15 шамасында қырғыз шекарашылары себепсіз минометтен 4 оқ атқан. Тәжіктер оған жауап ретінде оқ жаудырған. Атыстан бір тәжік жауынгері қаза тауып, екі сарбаз жараланған.

Тәжікстанның ақпарат құралдарының хабарлауынша, осыдан кейін қарулы қақтығыс Зумрад жамоата мен Чоркух жамоата елдімекендерінде болған. Ал қырғыз БАҚ-тың айтуынша, Как-Сай мен Паксы-Арык ауылдарына жақын жерлерде қару қолданылған.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы 970 километр шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған.

Соның кесірінен көрші екі елдің тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады.