ArtSport: Алматыдағы спорт секцияларында балаларды бұрын сотталған азаматтар жаттықтырған

Динара Амантай

Бағдарламаға қатысты қылмыстық схемаларды Алматы прокуратурасы анықтады

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласының прокуратурасы АrtSport бағдарламасына бөлінген қаражатты тексерді. 2021 жылдың мамыр айынан бастап Алматыда бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 12,8 млрд теңге бөлінген.

Прокурорлар алдын ала тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықты біліп, бюджет қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схемаларды анықтады. Атап айтқанда, елден тыс жерде, ауруханада болған және секциялар мен үйірмелерге мүлдем қатыспаған 2000-нан астам балаға орындалған жұмыс актілері ұсынылды. Өткізілген сабақтардың саны 5000-нан асады. Ал іс жүзінде АrtSport бағдарламасына тек 935 бала қатысқан.

Одан бөлек, секциялар мен үйірмелерде бұрын сотталған және түрлі қылмыс үшін жауапқа тартылған 13 жаттықтырушы сабақ берген. Осы ретте еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқығын бұзуға жол берілген.

Қалалық прокуратура алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірқатар материал процестік шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына берілді.

Бұдан бөлек, АrtSport платформасының функционалының жұмысында да елеулі олқылықтар анықталды. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілмеген, балалардың дербес деректері қорғалмаған, басқа да кемшіліктер бар.