Отандасымыз Қазақстан құрамасына алғашқы медальді жеңіп алды
Сербияның Белград қаласында грек-рим күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы алғашқы медалін жеңіп алды.
60 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.
Ол үшінші орын үшін белдесуде венгриялық Кристиан Кечкеметиден 7:1 есебімен басым түсті.
Сөйтіп, Айдос осымен әлем чемпионатындағы екінші қола жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін ол 2018 жылы Будапеште өткен додада да үшінші орыннан көрінген еді. Ол кезде де жартылай финалда жеңілген. Сұлтанғали Белградта жаман күрескен жоқ. Оған қырғыз Жоламан Шаршенбековты жеңу қиын болды. Осы Жоламан Қырғызстанға грек-рим күресінен әлем чемпионатында екінші алтын жүлдені сыйлады.
60 килоға дейінгі салмақта Қазақстан құрамасында Айдостан басқа Мейрамбек Айнағұлов бар. Мейрамбекте әлем чемпионатының күміс және қола жүлдесін иеленген. Енді осы екі балуанымыз келесі жылы өтетін Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысып, бұдан да биік сатыдан көрінсе деп тілейміз.