Алматы облысындағы жер сілкінісіне байланысты ТЖД ескерту жасады
Қазір аумақтағы жағдай нақтыланып жатыр
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісі кеше Алматы облысында екі мәрте жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соңғы жер дүмпуі 13 қыркүйек күні Алматы уақытымен 21 сағат 54 минутта болған.
«Зілзала ошағы Алматыдан шығысқа қарай 89 шақырым қашықтықта, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы Қаратұрық ауылдынан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан. Энергетикалық класы - 7.4. MVP магнитудасы - 3.7. Бағыты - 43.42° с.е. 77.96° ш.б. Тереңдігі - 25 шақырым. Сезілгені жайлы мәлімет жоқ», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Алматы облысы ТЖ департаменті жергілікті атқарушы органдарға, полиция департаментіне, Қазселденқорғау департаментіне, прокуратураға және басқа да ұйымдарға шұғыл хабарлап, ақпарат жинады.
Сеніп тапсырылған аумақта жағдай нақтыланып жатыр, үй қирағаны немесе адам шығыны жайлы мәлімет түскен жоқ.
ТЖД жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін еске салады:
- ғимараттан шығыңыз (сізде 15-20 секунд қана уақыт бар);
- егер жоғарғы қабатта болсаңыз, кіретін есіктің саңылауына немесе балаларды құшақтап, негізгі қабырғалардың бұрышына барып тұрыңыз;
- ешқандай жағдайда терезе жанына бармаңыз және балконнан секірмеңіз.
- ғимараттардан, құрылыстан, бағаналар мен қоршаулардан алысырақ тұрыңыз;
- үйге кірмеңіз: дүмпулер қайталануы мүмкін;
- лифт пайдаланбаңыз;
- сіріңке, шам жақпаңыз:
- сымды ұстамаңыз;
- зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз.