×

Таразда тозығы жеткен үйдің жертөлесі «нәжіс бассейнге» айналған

Көпқабатты үйлер әкімдіктің теңгерімінде болмағандықтан, әзірге жөндеу мүмкін емес

 Ұлдана Жұбай 14.02.2022 | 14:59
фото: Тараз тұрғыны Сандуғаш Иманәлиева

Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, құбырлар ескірген, соның салдарынан шайынды су көппәтерлі баспананың жертөлесіне ағады екен.

Құбырлардың бәрі шіріген, тозған. Жертөленің жанына жолай алмайсың. Өйткені жоғарыдан ағызылған шайынды су тура осы жерге құйылып жатыр. Қазір бұл жертөле емес, дәретхана сияқты, - дейді қала тұрғыны Захарова Галина.

Тұрғындардың айтуынша, 1960-жылдары А.Асқаров көшесінде бой көтерген баспаналардың әбден тозығы жеткен. Қабырғалары қақырап, құлауға шақ тұр. Жаңбыр жауса, шатырдан су өтіп, пәтер іші дымқыл тартады екен.

«Мына үй апатты жағдайда тұр. Қабырғалары үгітіліп жатыр. Үйдің іші көгеріп кеткен. Жақында құласа, таң қалмаймыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жөндету үшін қол қойып, құжат жинадық. Әкімдікке өткіздік. Бірақ бір жыл болды әлі жауап жоқ», - дейді қала тұрғыны Айдархан Исмаилов.

Тозығы жеткен үйдің тұрғыны Сандуғаш Иманәлиева бұл мәселеге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың араласуын сұрап отыр.

Ал, жергілікті билік аталған үйлер әкімдіктің теңгерімінде болмағандықтан, әзірге жөндеу мүмкін еместігін айтады. Тараз қаласы әкімінің орынбасары лауазымынан бүгін ғана босатылған Асхат Есеналиев көпқабатты үйдің осындай жағдайға жетуіне тұрғындардың өзін кінәлап отыр.

«2018-2019 жылдары тұрғындармен бірнеше жиналыс өткізіп, әкімдік теңгеріміне кіруін сұрадық. Келісімін бермеген. Енді әбден тозығы жеткеннен кейін ғана бұл мәселені көтеріп отыр. Бұл мәселені шешудің – бір ғана жолы бар. «Тұрғын үй жаңғырту» бағдарламасы аясында жөндеуге болады», - деді Асхат Есеналиев.

Тұрғындардың талабы биыл орындалмауы мүмкін. Өйткені, Тараздағы тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша 2022 жылы елу баспана жөнделсе, кезекте тағы жүзге жуық үй бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама