Ол тәулігіне 100 адамға дейін қабылдай алады
Алматыда жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған жедел штаб құрылды. Жұмыс тобы студенттер үйінен орын ала алмай қалған студенттер мәселесін шешуге көмектеседі. Штаб тәулігіне 100 адамға дейін қабылдай алады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Биылғы оқу жылында 80 000-ға жуық студентке жатақхана жетпей қалған. Әсіресе, Алматы қаласында жатақханада орындардың болмауы көп байқалған. Оқуға келген 20 мың студент әлі орналаса алмаған. Осыған байланысты проблеманы шешу үшін министрлік жедел штаб жұмысын қолға алыпты. Штаб Сәтпаев университетінің базасында орналасты. Осы жерге тұрғын-жайға мұқтаж кез келген студент хабарласа алады. Әзірге осылай 17 студент орналасты, – деді министр.
Оның айтуынша, биылдан бастап ЖОО-ға жаңа мамандық ашу үшін студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету міндеттеледі. Университеттерге жаңа лицензияны алу үшін шарт қойылады. Сөйтіп, 2026 жылға дейін студенттердің 60-70 пайызында жатақхана тапшылығы болмайды. Осы жылдан бастап цифрлық әлеуметтік әмиян жобасы іске қосылады.
Бұл жобаның бір жақсы жері, ЖОО-ға ақша студентпен бірге барады. Біз тікелей ЖОО-ға ақша аудармаймыз. Студент өзі барғанда ғана шоттан ақша алып тұрады. Енді келесі жылдан бастап отбасылық цирфлық карта еңгізілетін болады. Цифрлық әмиян деген жоба еңгізіледі. Әр азамат, әр отбасы грант ақшасын сол арқылы алады, – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, биылдан бастап ІТ-мамандықтарды меңгергісі келетін талапкерлер ҰБТ-да информатика пәнінен білімін сынайды. Оны бейіндік пәнге енгізу жоспарланып отыр. Бұл ІТ саласына баланың қызығушылығын арттырады.