Жаңа технологияны толық іске қосу үшін инвестиция керек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда 5G желісі қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдымен министр қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды. Себебі 5G адам өміріне қауіп төндірмейді.
«Біріншіден, 5G базалық станциясынан қорқудың керегі жоқ. Олар Қазақстанға келмес бұрын сертификациядан өтеді. Кейін біз станцияларды тағы тексереміз. Екіншіден, 5G радио желісінің аукционы жүргізіледі... Алдымен аукцион өтуі керек. Бұл – әлемдегі тәжірибе», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысынан соң.
Оның айтуынша, аукцион қыркүйекте немесе қазанда өтеді.
«Бүгінде тиісті құжаттарды дайындадық. Оны рәсімдеген соң радиожиілік аукционын жариялаймыз. Аукционда жеңімпаз атанған байланыс операторлары алдымен бізге қаражат төлейді. Кейін 5G базалық станциясын орнату жұмыстарын бастайды», - деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы 5G желісі қашан іске қосылатынын айтты.
«2022 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте бірнеше жерде 5G желісін іске қосамыз. 2023 жылдан бастап 5G желісін толық іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақстанның басқа өңірінде 5G радиожиілігінің аукционы келесі жылы өтеді. Кейін интернетті қосу мәселесін қарастырамыз. 5G-ді тарату үшін инвестиция керек. Сондықтан өңірлерлер бұл технологияны енгізу үшін ірі қалаларда экономикалық негізді табуымыз керек», - деді Бағдат Мусин.
Айта кетейік, премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Бағдат Мусиннің хабарлауынша, Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалды. Нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны мен қажетсіз бюрократия жойылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті.