Министр ғалымдардың айлығы туралы айтты
Мемлекет тарапынан жас мамандарды қолдау болады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында ұлттық жоба бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін арттыру үшін істелінетін жұмыстар туралы айтты.
Ол министрліктің 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есеге, ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50% - ға көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адам. 2020 жылы – 22 665, 2019 жылы – 21 843 мамандар болған. Оның ішінде 7 525 жас ғалым жұмыс істеді. Бұл – жалпы ғалымдардың 35% пайызы.
Жалақы мәселесіне келсек, ғалымдардың жалақысы 252 мың теңгеге дейін, яғни екі есе өсті. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру енгізілді, – деді ол.
Сонымен бірге министр «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулерге және постдокторантура үшін 1037 грант бөлінгенін, жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлініп келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілді. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады.
Еліміздің 10 жоғары оқу орнында постдокторантура құрылып, диссертациялық кеңестерге ҒЗИ мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылуда. Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру үшін студенттер мен магистранттардың ғылыми қауымдастығы құрылды.