Елбасы Nur Otan партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттігін Тоқаевқа бермек
Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімінің себебін түсіндірді
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясындағы өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа береді. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы мәлімдеді.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы nөрағасының өкілеттігін беру туралы шешім қабылдап, партияны ел Президенті басқаруы тиіс екенін атап өтті. Өкілеттіктерді беру рәсімі партияның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады, - деп жазды Айдос Үкібай.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев cаяси кеңестің кеңейтілген отырысын шақыру туралы қаулыға қол қойғаны хабарланған болатын.
Елбасының кеңесшісі - баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыру туралы шешімін түсіндірді.
Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде Nur Otan партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек. Жарғыға сәйкес, «Nur Otan» партиясының төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасының қызметінде болады, - делінген Айдос Үкібайдың пікірінде.
2006 жылғы 4 шілдеде «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясымен бірікті. Сол жылы 22 желтоқсанда «Отан» РСП-ның кезектен тыс Х съезінде Азаматтық және Аграрлық партиялардың қосылып, «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы болып өзгертілді.
2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XV съезі өтіп, партия доктринасы қабылданды. Партия ребрендинг жасап, «Нұр Отан» ХДП атауын «Нұр Отан» партиясына ауыстырды.