Дзюдо: Қазақстан құрамасы төрт алтын, бес күміс, үш қола жүлде алды
Ардагер балуандар құрмет тұғырынан көрінді
Польшаның Краков қаласында дзюдо күресінен ардагерлер арасында өткен әлем чемпионаты аяқталды.
Чемпионаттың бірінші күні 60-64 жас аралығында 60 килода сынға түскен оралдық балуан Қазболат Құрмашев қарсылас шақ келтірмей бас жүлдені жеңіп алып, осымен дзюдодан 7 дүркін әлем чемпионы атанды.
Осы жас аралығында 81 килода сынға түскен қарағандылық Болат Манабаев әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. 65-69 жас аралығында 100 кг-де сынға түскен тағы бір қарағандылық ардагер спортшы Боранбай Тергеубеков те ел қоржынына күміс жүлде салды.
Екінші күні ел қоржынына екі жүлде түсті. Атап айтар болсақ, 30-34 жас аралығында 60 килода күрескен Махат Жартыбаев күміс медальге ие болса, 40-44 жас аралығында 100 килода бағын сынаған Қанат Нұралин әлем чемпионатының қола жүлдесін қанжығаға байлады.
Үшінші күні Қазақстан құрамасы үш алтын мен бір күміс жүлдені жеңіп алды. Әлем чемпионы атанған ардагер дзюдошыларымыз Рахат Исқақов (45-49 жас, 73 кг), Қанат Мәмбетов (50-54 жас, 90 кг) және Руслан Сейілханов (50-54 кг, 100 кг). Күміс жүлдеге ие болған Евгений Рахшук (50-54 жас, 60 кг).
Соңғы күні отандастарымыз бір күміс пен екі қола медальді иеленді. Күміс жүлдені 35-39 жас аралығында 66 килода сынға түскен Мәулен Қожин иеленсе, дәл осы салмақта белдескен тағы бір жерлесіміз Самат Сапишев қола жүлдені жеңіп алды. Осылайша екі қазақ балуаны бір салмақта марапат тұғырында бірге тұрды. Екінші қола жүлдені осы жас аралығында 60 килода сынға түскен Дәурен Қожин қоржынға салды.
Осылайша бұл жолғы әлем чемпионатын ардагер дзюдошыларымыз 4 алтын, 5 күміс, 3 қола жүлдемен қорытындылап, дүбірлі додаға қатысқан 60 мемлекеттің арасынан жетінші орынмен аяқтады.