×

Қостанай облысында өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден беріледі

Бұған қоса оларға ауданы 100 ш.м. тұрғын үй салынып беріледі

 Динара Амантай 13.09.2022 | 09:43
Фото: @arkhimed_mukhambetov

Қостанай облысында болған табиғи өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден беріледі. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Бүгін Аманқарағай ауылында өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездестім. Баршаңызға белгілі, баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 91 үй салу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысады. Жаңа үйлер салу орны ретінде Әулиекөл ауылындағы жер учаскесі анықталды. Әулиекөл ауылының жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 га жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 ш.м. тұрғын үйлер салу үшін 12 га бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кіреберіс жолдармен қамтамасыз етілетін болады.Айта кету керек, жер учаскелері бар жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады. Құрылыс жұмыстары өзімнің жеке бақылауыммен, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаумен жүзеге асырылады. Сондай-ақ үй жануарларының қырылуына байланысты залал өтелетін болады», - деп жазды әкім.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залалды өтеу Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгінген кезде жергілікті бюджет және «Қайырымдылық КZ» қоғамдық қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Халықтан басқа 14 кәсіпкерлік субъектісі де зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысандар бойынша кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Залалдарды өтеу шығынды бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті растайтын құжаттары болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтемін. Өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыста «Қайырымдылық КZ» бірыңғай қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор қаражатынан барлық зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төлеу туралы шешім қабылданды. Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 24 адам 1 млн теңгеден карт-шоттарға ие болды. Сонымен қатар, Әулиекөл ауданына еліміздің ірі бизнес өкілдері демеушілік көмек көрсетті», - деп толықтырды ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Сұрауы бар» ютуб арнасының тілшісі Құралай Пионер табиғи атап болған аймаққа барып, сондағы жұртпен тілдесіп, нәтижесінде «Өрттен кейінгі өмір. Әулиекөл» атты деректі фильм дайындағаны туралы жазған едік. Сондағы кейіпкердің бірі – аманқарағайлық тұрғын Жұмагүл Рахметова баспанасымен бірге жұмыртқа сатып жинап жүрген ақшасының да өртеніп кеткенін айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама