Қала көшелерінен бір айдан бері қоқыс шығарылмаған, жауапты мекеме бұған қымбатшылық себеп болғанын айтады
Шымкентте қоқыс шығару мәселесі бір айдан бері шешілмей келеді. Қазір қаладағы жеке тұрғын үйлер маңында қоқыс жиналып қалған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тұрғындардың айтуынша, қалдық бір айдан бері жиналмаған, қазір қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Алайда келісімшарт бойынша қоқысты алып кететін компания апта сайын келуі қажет.
Көше қоқысқа айналды. Қалдықты апта сайын шығарамыз, бірақ жауапты мекеменің әкететін түрі жоқ. Соңғы рет 17 күн бұрын келді. Жұмысшылардан неге кеш келіп жатқанын сұрадық. Олар техника мен дизель отыны қымбаттағанын айтты. Бірақ оған біз кінәлі емеспіз ғой. Тариф ақшасын уақытында төлеп отырмыз, - дейді Шымкент тұрғыны Қоныс Керімбай.
Қоқыс уақытында жиналмаған соң көшеде иесіз жүрген ит-мысық та көбейген. Олардың саны күн сайын артып жатыр. Аудандағы балалар сол жерде ойнауға мәжбүр.
«Қаңғыған иттердің шашып кеткен қоқысын жинаудан шаршадық. Одан неше түрлі ауру жұқса да таңқалмаймыз. Бәрінен бұрын бала-шағаға обал. Қазір балалардан көз алмаймыз. Бұл көшедегі әр үйде кем дегенде 4 баладан бар. Ойнауға шыққан сайын ата-аналар да ілесіп шығамыз. Қоқыстан шығатын иістің жанында жүру де мүмкін емес», - дейді Абай ауданының тұрғыны Жаннұр Қамытбекова.
Ал қоқыс көлемі күн сайын көбейіп жатыр. Ал әкімдік қызметкерлері жағдайдан хабардар. Қала басшылығы жағдай қалпына келетініне сенімді, себебі дизель отыны бағасы тұрақтанды. Бұған дейін литрі 400 теңгеден сатылса, қоқыс шығаратын компанияларға литрі 230 теңгеден беріледі.
Қалада қоқыс шығару бойынша мәселе бар. Оны шештік. Қалдықтың жиналмауының екі себебі бар. Бірі – дизель отыны қымбаттағаны. Бағасы арзандап, қазір қоқыс шығаратын мекемелер дизель отынының литрін 230 теңгеден алып жатыр. Екінші мәселе – тариф бағасының төмен болуы. Ел бойынша ең төмен баға Шымкентте, - дейді Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.
Оның сөзінше, жақында қалада тариф құны екі есе қымбаттауы мүмкін. Бұл мәселе қалалық мәслихатта қаралып жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте қоқыс шығару тарифі қазір әр адамға 150-200 теңге деп бекітілген. Бұл баға екі есе көтерілуі мүмкін. Себебі сондай жағдайда ғана қаладағы қоқыс шығару мәселесі шешіледі.