Halyq Uni логотип
×

Шыңжаң қазақтары карантин салдарынан тамаққа жарымай отыр

Жедел жәрдем қызметі қан құсып ауырып жатқан адамға келуден бас тартқан

 Еркеғали Болатұлы 12.09.2022 | 16:30
Шыңжаң қазақтары карантин салдарынан тамаққа жарымай отыр
фото: ашық дереккөз

Тамыз айында карантинге жабылған Шыңжаң тұрғындары азық-түлік жетіспеушілігіне наразы. Қытай цензорлары желіде таралған наразылықтарды жою үшін ғаламторды Шыңжаң туралы түрлі ақпараттармен толтырды деп хабарлады Stan.kz, The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Йылы деген атпен танымал Іле-Қазақ автономиялық облысында шамамен 4,5 миллион адам тұрады. Облыс тамыз айының басында карантинге жабылған. Алайда COVID-19 ауруының таралғаны туралы ресми деректер келтірілмеген. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде азық-түлік тапшылығы, медициналық көмектің дұрыс көрсетілмеуі туралы көптеген хабарламалар таралып жатыр.

Осыдан соң China Digital Times жариялаған директиваға сәйкес, әлеуметтік желіні ақпараттық ағынмен толтыру тапсырылған.

Тақырып бойынша шектеу жоқ. Желіге күнделікті өмір, ата-ана тәрбиесі, тамақ дайындау немесе психология, көңіл-күй туралы, т.б. жариялауға болады. Интернет-комментаторлардың қызметкерлері посттарды сағатына бір рет орналастыруы керек, бірақ жылдам емес. Посттардың арасы жиі болмауы тиіс, - делінген CDT-дегі директивада.

Әлеуметтік желілерге де Шыңжаң ас үйінің фотосуреттері, қарапайым жиһаздар туралы мәліметтер толып кетті.

40 күннен асқан қатаң карантин кезінде халық қиналып, өмір сүру жағдайы нашарлады. Әлеуметтік желілерде Шыңжаң тұрғындарының нешетүрлі жазбалары тарады. Жедел жәрдем қызметі қан құсып ауырып жатқан адамға келуден бас тартқан. Ал жүкті әйелдерге босану орындары жетпей, үйлерінде босануға мәжбүр болыпты.

Билік алғашында бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. Бірақ өткен аптада олар азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге қатысты мәселелердің болғанын ішінара мойындап, жергілікті билікті айыптап, баспасөз мәслихатында кешірім сұраған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама