«Қасым-Жомарт Кемелұлын біраз ойландырар еді». Айталы Тасмағамбетовті президенттікке ұсынды
Ол биылғы сайлау халықтың емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы екенін ескертті
Белгілі қоғам қайраткері, Мәжілістің экс-депутаты Амангелді Айталы алдағы президент сайлауынан үміткер ретінде бұрынғы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовті көргісі келетінін айтты. Arasha.kz сайтының жазуынша, ол қазақтың іскер азаматына халық болып сұрау салу қажет деп санайды екен.
Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы сайланды. 2024 жылы екінші сайлауы, 2029 жылы соңғы сайлау болады. Қалай болғанда да Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік өкілеттілігі 2029 жылы бітеді. Сондықтан президент қалған 9 жылымды үзбей, ортасында сайлау өткізбей, халықты алаңдатпайын деп ойлаған шығар. Себебі сайлау болған соң түрліше қауесет, әңгіме көбейеді. Сондықтан биыл сайланып, 2029 жылға дейін өкілеттігін пайдаланып, «Жаңа Қазақстан» деген идеяны үзбей, сабақтастықпен өткізу ниеті болған болар, - деп пікір білдірді Амангелді Айталы.
Сонымен қатар Мәжілістің экс-депутаты келесі президенттің қандай болуы керектігін атап өтті. Айтуынша, «Қасым-Жомарт Кемелұлына тең тұлға жоқ» деуге әсте болмайды, «қазақтың аналары тек Назарбаев немесе Тоқаев сияқты ұл туады, басқа ұлдар пісіп-жетіліп, кемеліне келген жоқ» деу – халқымыздың намысына тиеді. Сондықтан президент сайлауында осыған дейін іскерлігімен танымал болған азамат халық алдында ашық пікірталас көрсетуі керек-ақ.
Мәселен, халық аузында Тасмағамбетовтің аты айтылады. Ол талай мемлекеттік қызметте жүріп, премьер-министрге дейін жетіп, талай жұмыстар атқарды. Өзінің пікірі, өткір сөзі, қазақы мықты психологиясы, басқа ұлттарға өзінің жағымды қасиеттері бар. Алматылықтардың, Астана секілді қала халқының ойынан шығып, жоғары баға алған азамат.
Ол кісі 2019 жылы президент сайлауына түседі деп күттік. Неге екенін білмеймін, ол кісі түспеді. Осы додаға биыл түссе, Қасым-Жомарт Кемелұлын біраз ойландырар еді. «Мен бәрібір өтемін, сондықтан биыл өткізіп жіберейік» деген ойына үлкен күдік әкелер еді. Анадай сенімі болмас еді. Ел ішінде тағы да осындай тұлғалар болып қалар», – дейді Амангелді Айталы.
Бұдан бөлек, ол биылғы сайлау халықтың емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы екенін ескертті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, болмаса, Тасмағамбетов – өзінің білімі, іскерлігімен көрінген адамдар. Америка құрама штатын айтсақ, көбіне-көп президенттер депутат, сенаторлардан шығады. Әрбір сенатор – ел президенті болып кетуге дайын адамдар. Бізде президент тәрбиелеу болмады. Соның салдары бұл. Қазір тоқырап қалып, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне сеніп отыр. Енді көрелік», - дейді қоғам қайраткері.