Алматы облысында көлігімен үш адамды қаққан шетелдік оқиға орнынан қашып кетті
Жол апатынан бір адам көз жұмды, қалған екеуі ауруханаға жеткізілді
Алматы облысының Іле ауданында шетел азаматы 3 адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға Жәпек батыр - Комсомол бағытындағы күре жолдың бойында болған. Салдарынан 16, 17 және 18 жастағы жаяу жүргінші зардап шекті.
Олардың бірі алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Зардап шеккен қалған екі азамат аудандық ауруханаға жеткізілді.
Көп ұзамай күдікті Түркістан облысында ұсталып, Іле ауданындық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында 34 жастағы күдіктінің Өзбекстан азаматы екені белгілі болды. Автокөлік сол адамға тиесілі болып шықты. Алайда, оның көлікті басқару құқығына қатысты құжаттары жоқ.
Іле ауданындық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Қабдулдановтың айтуынша, қазір жол апатына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Кінәлі азамат әрекетіне өкінетінін жеткізіп, қайтыс болған азаматтың отбасына көңіл айтты.