Алакөл орман шаруашылығы аумағында 70 гектар аумақты алып жатқан 10 өрт ошағы тіркелген
Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Үйгентас орман шаруашылығы аумағы да өртенді.
Облыстық ТЖД мәліметінше, Алакөл орман шаруашылығы аумағында 70 гектар аумақты алып жатқан 10 өрт ошағы тіркелген.
8 қыркүйектен бүгінге дейін тікұшақтармен 84 тонна су шашылды. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өртті сөндіруге барлығы 188 адам, 2 тікұшақ, 21 техника, 60 бүріккіш және 6 ат жұмылдырылған, – деді ведомстводан.
Бұл – Алакөлдегі отқа оранған екінші орман шаруашылығы. Еске сала кетсек, 7 қыркүйекте «Достық» станциясы маңында да құрғақ шөп пен бұталар өртенген болатын.