Сот қаңтарда азапталғандардың айыпталушы полицейлерді қамауға алу туралы өтінішін қанағаттандырмады

Халық үні

Іс бойынша 5 күдікті бар

Halyq Uni

Талдықорғанда қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған адамдарды азаптады деп айыпталған полиция қызметкеріне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Іс бойынша бес күдікті бар. Қазір бесеуі де бостандықта жүр.

Сот процесі Талдықорған қалалық сотында өтіп жатыр. Полиция қызметкерлеріне қатысты 10 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен кепілмен бостандықта жүрген айыпталушыларды қамауға алуды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Құрметті сот! Біз үшін сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту маңызды саналады. Сотталушылар адамдар тобымен бірлесіп, қатыгездікпен ауыр қылмыс жасаған. Біз күдіктілердің полиция департаментінің қызметкерлері екенін ұмытпауымыз керек. Сол себепті олар қамауға алынбаса, іске әсер етеді деп санаймыз», - деді адвокат Түсіпова сот залында.

Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, күдіктілер 23 жәбірленушінің төртеуі кәмелет жасына толмағанын қылмыс жасаған кезде білген.

Жәбірленуші 23 адамның төртеуі кәмелет жасына толмаған. Прокурор айыптау актісін оқығанда «сотталушылар қылмыс жасағанда кәмелет жасқа толмаған бала екенін білді» деді. Сонымен қатар ауыр қылмысты адамдар тобы жасалған. Ең бастысы, қазір олар кінәларын мойындамай отыр. Сол себепті бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту қажет, - деді ол.

Судья Бекмұрат Дүйсенбеков адвокаттың негіздемесі толық емес екенін айтып, өтінішін қанағаттандырмады.

«СОТТА БІЗДІ СӨЙЛЕТПЕЙДІ»

Сот процесі кезінде айыпталушы жақтың адвокаттары өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. БАҚ өкілдері сотталушылар мен жәбірленушілерді ғана түсіруге рұқсат алды.

Жәбірленуші Ролан Маратов сот процесіне көңілі толмайтынын айтады.

«Қаңтар оқиғасы кезінде бізді азаптады. Бүгінгі сот процесіне ешқандай көңілім толмайды. Ешқандай әділдік көріп тұрған жоқпын. Бұл жерде заң бір жаққа ғана жұмыс істеп тұр. Бұл кісілерді жазасыз қалдыруға болмайды. Бұл алғашқы және соңғы азаптау емес. Қазір олар өз кінәсын мойындамай отыр. Олардың мойындауы керек те емес. Өйткені 23 адам ол кісілерді көзбен көріп, айтып отыр. Олар 23 адамның сөзіне сенбей, 5 адамның «біз емес» деген сөзіне қарап, сот шешім шығарады деп ойламаймын. Бірақ сот әділ өтеді дегенге үміттенбеймін», - деді Маратов.

Жәбірленуші Арнұр Тұралықов өзін ұрып-соққан полиция қызметкерлері әлі күнге дейін қызметінде жүргенін айтады. Оның сөзінше, сотта сөйлеуге мүмкіндік берілмейді.

«Мен ішкі істер департаментінде үш күн болдым. Үш күн бойы дәлізде қансырап жаттым. Денемде әлі күнге дейін жарақат бар. Төрт жерден сынған. Мұрнымды, бас сүйегімді сындырған. Әлі күнге дейін оны емдейтін ешкім жоқ. Оны емдететін жағдайым да жоқ. Олар әлі күнге дейін қызметінде жүр. Біз олардан қорқатын болдық. Сол кезде бізге сондай дүние істеді. Қазір бізге қатысты қылмыс жасамайтынына кім кепіл? Азаптаған адамның бәрін таныдым, айттым. Барлығы осы жерде жүр», - дейді Тұралықов.

Арнұр Тұралықов сотта тек айыпталушы тараптың адвокаттары сөйлеп жатқанына наразы.

Сотта бізді сөйлетпейді. Тек екінші тараптың адвокаттары сөйлеп жатыр. Олар заңды біледі. 17 мен 25 жас аралығындағы жастармыз. Заңға қатысты ештеңеден хабарымыз жоқ, - дейді Тұралықов.

Айта кетейік, арнайы прокурорлар биыл 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматтың азапталғанын дәлелдеді. Оларды үтік басып қинаған. 

Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды. Соның ішінде криминалдық полиция басқармасының 3 қызметкері, әкімшілік полиция басқармасының бір инспекторы және арнайы жасақтың бір қызметкері бар екені хабарланды.

4 тамызда қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы