×

Ахмет Байтұрсынұлының фотосуреті мен видеосы Әзербайжаннан елге жеткізілді

Біздің ғалымдар тауып әкелген видеодан бөлек, тағы екі аппараттың түсірген бейнежазбалары болуы мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 11.09.2022 | 14:30
фото: дереккөз

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы түскен видеосы мен бұрын жарияланбаған фотосуреті елге жеткізілді. Бұл жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.

Біздің ғалымдар Әзербайжан архивінен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының видеосы бар таспа мен бұрын жарияланбаған фотосуретін елге жеткізді. Бейнетаспада 1926 жылдың 26 ақпаны мен 5 наурызы аралығында Әзербайжан КСР-нде өткен І бүкілодақтық түркология құрылтайы (съезд) бейнеленген. 8 минуттық видеода Ахмет Байтұрсынұлы 6 рет көрінеді. Бір қызығы, съезде үш оператор жұмыс істеген. Біздің ғалымдар тауып әкелген видеодан бөлек, тағы екі аппараттың түсірген бейнежазбалары болуы мүмкін. Оны да алдағы уақытта табуды міндет етіп отыр жас ғалымдар, - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, фотосурет Әзербайжан мемлекеттік өнер және мәдениет мұрағатында істейтін ғалым Фархад Ағзадәнің жеке қорынан алынған.

«Бірінші түркологиялық құрылтайда түсірілген суретте Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеевтер бар. Осы еңбектері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD Ермұхамет Маралбек пен Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейітбатқаға алғыс айтамыз», - деп жазды Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама