×

Ақмола облысында 160-қа жуық бала апатты жағдайдағы мектепте оқып жатыр

Облыста 135 мыңнан аса оқушы бар

 Айгерім Таубай 11.09.2022 | 13:14
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 156 бала жаңа оқу жылын апатты жағдайда тұрған мектепте бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, облыста 560 мектеп жұмыс істейді. 542 күндізгі жалпы білім беретін мектептің ішінде 542 мемлекеттік және 6 жекеменшік мектеп бар. Сондай-ақ 9 кешкі, 5 арнайы түзету мектебі, ведомстводан тыс екі және бір Назарбаев зияткерлік мектебі, Iqanat мектебі жұмыс істейді.

2022-2023 оқу жылында мектепте облыс бойынша 135 536 оқушы білім алып жатыр. 134 534 оқушы мемлекеттік мектепте, 1 002 оқушы жекеменшік мектепте оқиды.

Оның ішінде 160-қа жуық бала жаңа оқу жылын апатты жағдайдағы мектепте бастады.

Апатты жағдайда тұрған Жарқайың ауданы Бірсуат ауылындағы мектепте 86 бала және Біржан Сал ауданының Бұланды ауылындағы мектепте 70 бала оқиды, - делінген басқарманың Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Басқарманың хабарлауынша, 2021 жылы облыстық бюджет қаражатынан Біржан сал ауданының Бұланды ауылында 80 орындық мектептің құрылысы басталды. Ол 2023 жылы ашылады.

«Бірсуат ауылындағы мектептегі апатты жағдайды жою үшін 80 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ облыс бойынша 2022-2023 оқу жылында мектептерде 16 039 мұғалім жұмыс істеп жатыр. Жаңа оқу жылында 840 педагог жұмысқа қабылданды. Басқарманың хабарлауынша, облыста кадр қажеттілігі жоқ.

Айта кетейік, 2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың мектепке тез үйреніп кетуіне көмектеседі. Ақмола облысы бойынша қазірге дейін 7 мектепке педагог-ассистент жұмысқа қабылданды, оның ішінде қалада – 3 маман, ауыл мектебінде 4 маман бар. Басқарма мұндай мамандардың санын азайту немесе көбейту жоспарланбағанын хабарлады.

Сондай-ақ облыстың білім басқармасынан мектептердің компьютерлік техникамен қанша пайыз қамтылғанын сұрадық. Басқарма 2020 жылы облыс мектептері үшін жергілікті және республикалық бюджет есебінен 29 661 компьютерлік техника сатып алынғанын хабарлады. Осылайша, облыс мектептерінде 45 мыңнан астам компьютерлік техника бар. Алайда компьютерлік техника жетпейтін мектептің бар-жоғын нақтыламады. Сондай-ақ облыстағы мектептерде 1 904 интерактивті тақта бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама