Онымен шығуға тиіс болған украиналық Зака Фатуллазаде визадан проблема туындауы салдарынан жарысқа келе алмады
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов (23-7-2) Атырауда өткен Mergen Fighting Championship 3 турнирінде хедлайнер болды деп хабарлады Sports.kz.
Қуат Хамитов ресейлік Василий Бабинцевпен (6-6) аралас жекпе-жекке шықты. Бұл ретте Ресей файтері осы уақытқа дейінгі бүкіл айқастарын нокаутпен аяқтаған болатын.
Аралық салмақтағы кездесу үш раундқа шақталғанмен, бірінші раундта-ақ Қуат Хамитовтың тұншықтыру тәсілінің арқасында аяқталды. Осылайша ол кәсіби спорт жолындағы 24-жеңісіне қол жеткізді, ал Василий Бабинцев 7-ші рет ұтылып отыр.
Еске сала кетсек, мұның алдында қазақстандық спортшының Mergen Fighting Championship 3 турнирінде украиналық Зака Фатуллазадемен (19-12) жұдырықтасатыны хабарланған еді. Бірақ ол Қазақстанға жолға шығар алдында визадан проблема туындап, жарысқа келе алмай қалған.