Жамбыл облысында ескі көлігін өткізгендер ақшасыз қалды

Халық үні

Енді олар сертификат бермесе де, ескі көлігімізді қайтарсын деп отыр

ашық дереккөзден

Ескі көліктерді қабылдау орталығы Жамбыл облысы тұрғындарын тақырға отырғызды. Жарамсыз техниканы тапсырып, жаңасын аламыз деп үміттенгендер көнесіне де қол жеткізе алмай сенделіп қалды. Өйткені алған сертификат түкке жарамсыз. Оны жұрттың қолына ұстатқан фирма жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Жамбыл облысында ескі көліктерді өткізетін жалғыз орталыққа 100-ге жуық адам жарамсыз техникасын өткізген. Енді тоғыз айдан бері ақшасын ала алмай жүр. Ал фирма жұмысын тоқтатқан. Мұнда бірде-бір қызметкер жоқ. Күзетшілер де көрінбейді. Есігіне қара құлып ілінген. Мемлкеттік бағдарламамен ескі көлігін өткізіп, жаңасын аламын деп үміттенгендердің бірі – Мұхтар Нысантаев. Ол орталыққа жеңіл машинасын тапсырған. Қолына 220 мың теңгенің сертификатын алыпты. Енді ол түкке жарамсыз болып тұр.

Олар қабылдап алды. Құжат берді. Ақша үш жұмыс күніне түседі деп қолымызға қағаз берген. Үш емес, тоғыз ай болды. Енді еш хабар жоқ, - дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Мұхтар Нысантаев.

Топталған азаматтардың мұңы бір. Бәрі орталыққа ескі-құсқы көлігін өткізген. Арасында шаруа қожалығының иелері де бар. Данияр Сейдуалиев фирмаға төрт комбайн тапсырған. 8 миллион теңгенің сертификатын алуға тиіс еді. Бірақ ол әлі жоқ.

Не комбайн жоқ. Егін егемін, жоңышқамен айналысамын. Жермен айналысамын. Мен сияқты көптеген адам зардап шегіп отыр. Тек Таразда емес, бүкіл Қазақстанда осындай мәселе болып жатыр, - деді шаруа қожалығының иесі Данияр Сейдуалиев.

Ауылдың қарапайым тұрғынына тозығы жеткен жарамсыз көлігін қалаға келіп өткізу оңай емес. Тасымалдаудың өзі қымбат. Сондықтан бұл істі кәсіпке айналдырғандар бар. Олар елдімкендерден ескі техникаларды жинап өткізеді. Қазір солардың да бизнесі тұралаған. Өйткені қабылдау орталығы істемейді.

4-қаңтарда бұл іс тоқтағаннан кейін жауап беретін адам жоқ. Қазір «Жасыл даму» дейтін мекемеге өткізді дейді. Оның не аты-жөні, не тұратын жері, не телефоны жоқ, - деді Тараз қаласының тұрғыны Жанболат Оразбаев.

Ал жауапты ведомствоның берген мағлұматы мардымсыз. Онда тек жеңілдік сертификатын қолдану мерзімі ұзартылу мүмкін екені ғана айтылған. Бірақ бұл процестің өзі қашан жүзеге асатыны белгісіз.

2021 жылғы 19 қаңтардан 2022 жылғы 18 қаңтарға дейінгі берілген жеңілдік сертификаттарының қолданылу мерзімін ұзарту бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Өзге де қосымша жаңалық болғанда қоғам мен БАҚ өкілдеріне міндетті түрде ақпарат береміз, - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.

Наразы жұрт мүйіз сұраймыз деп, сақалынан айрылған тоқал ешкінің күйін кешкендей. Енді олар сертификат бермесе де, ескі көлігімізді қайтарсын деп отыр. Тым құрығанда темір-терсек қабылдау пунктіне өткізіп ақшасын аламыз дейді.