«Қайтыс болған адамдарды «жұмысқа орналастырған»: Павлодардағы жұмыспен қамту орталығында шу шықты
Арнайы тексеріс кезінде төрт дерек анықталды
Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығынан шу шықты. Мемлекеттік мекеме өкілдері қайтыс болған адамдарды тізімге қосып, «жұмысқа орналастырдық» деп есеп берген, деп хабарлайды Хабар 24.
Арнайы тексеріс кезінде төрт дерек анықталды. Мәселен, құжат жүзінде 17 жыл бұрын көз жұмған тұрғынға жұмыс тауып беріпті. Анонимді шағым түскен соң жұмыс тобы құрылып, кешенді тексеру жүргізілді. Нәтижесінде тағы бірнеше факті расталды. Олқылыққа жол берген мамандарға қатаң сөгіс жарияланды. Ал мекеме директоры өз еркімен жұмыстан кетті. Экономикалық тергеу департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары да тексеріс жүргізіп жатыр.
«Прокурорлық тексеріс нәтижесінде жұмыспен қамту орталығының қызметіне жауапты қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына қатысты шара қолданылды. Орталық директоры, сектор меңгерушісі де жазаланды. Оларға қатысты қатаң сөгіс жарияланды», - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.