Оқушылармен бір толқында болу маңызды - Tik-Tok желісінде видео жариялаған жаңаөзендік мұғалім

Халық үні

Әуенмен ілесіп қимылдау олардың сабаққа құлшыныстарын арттырады, дейді ол

фото: видеодан скриншот

Жаңаөзендік мұғалімнің оқушыларымен Tik-Tok-та жариялаған видеоларын желі қолданушылары сүйіспеншілікпен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Жаңаөзен қаласының №5 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Абылайхан Қадыров үзілісте оқушыларымен би билеп, видео түсірген. Tik-Tok-қа жүктелген роликті бір тәулікте жарты миллионнан астам адам қараған.

«2021 жылдан бастап Tik-Tok желісі үшін видео түсіре бастадым. Ұнап қалды. Сосын оқушыларыммен, әріптестеріммен түсіріп көрдім. Күліп-ойнап, сергіту сәті ретінде, үзіліс кезінде 3-5 минут уақытымызды арнаймыз. Мен үшін оқушылармен бір толқында болу маңызды. Сол кезде балаларға сабақ түсіндіру оңайырақ болады. Мұны оқушылар өте жақсы қабылдайды», - дейді ол.

Жас мұғалімнің айтуынша, сабақ процесіндегі мұндай ерекшеліктерді оқушылармен бірге ата-аналар да, мектеп басшылығы да қолдайды.

«Біз олармен Tik-Tok видеоларын түсірген кезде балалардың көңілдері көтеріліп қалады. Әуенмен ілесіп қимылдау олардың сабаққа құлшыныстарын арттырады, кәдімгідей сергітеді. Мен жалпы сабақ үстінде жағымды әуендерді даусын бәсеңдетіп қосып қоямын», - дейді Абылайхан Қадыров.