Алматыда 37 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр
Жыл соңына дейін 5,5 мың адамға пәтер беріледі
Бүгінде Алматыда 37 мыңнан аса адам баспанаға мұқтаж. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Оның айтуынша, қазір шаһарда үй кезегіне 37 236 адам алынған. Оның ішінде: көпбалалы отбасы – 4905 адам, жетімдер – 2210 адам, халықтың әлеуметтік осал тобы – 16 999 адам, бюджет қызметкерлері – 13 122 адам.
Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша 2623 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 5532 адамға пәтер беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1451 үй – сатып алу құқығынсыз жалға беріледі, 4081 – несиелік тұрғын үй, - деді Данияр Қырықбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ басшы жыл басынан бері алматылықтарға 325 тұрғын үй сертификаты берілгенін атап өтті.