×

ФИФА қазақ футболына қолдау көрсетуге дайын

Қазақстан бұқаралық спорт түрін дамыту жобасын ұсынды

 Дастан Жұмабекұлы 09.09.2022 | 16:31
фото: kff.kz

Халықаралық футбол федерациясының Париждегі еуропалық кеңсесінде ФИФА президенті Джанни Инфантино мен Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов кездесті.

Кездесуде қазақстандық делегация еліміздегі бұқаралық футболды дамыту жобасын ұсынды. Жобада футболды насихаттау, жарыстарды ұйымдастыру мен футбол инфрақұрылымын жақсарту мәселелері қамтылған.

Джанни Инфантино осы жобаларды іске асыру үшін Қазақстан футбол федерациясына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық футбол мамандарына арналған білім беру процесін ұйымдастыруда ФИФА-ның техникалық командасы көмек көрсететінін жеткізді.

Тараптар ФИФА мен ҚФФ ынтымақтастығы аясында Қазақстанда ФИФА іс-шараларын өткізу мен Орталық Азия футбол қауымдастықтарының өзара қарым-қатынасын нығайту мәселесін талқылады.

ФИФА басшысы осы мәселемен айналысу үшін Қазақстан келуге дайын екенін айтты.

«Бүгін ФИФА басшысымен маңызды кездесу өтті. Күн тәртібіне екі негізгі мәселе көтерілді. Балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту мәселемсін талқыладық. Біздің мақсатымыз әр баланың футболмен айналысуына, әуесқой футболшылардың санын көбейтуге, елімізде футболды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға әрекет ету. Біздің бастамаларымызды қолдап, жобаларымызға қолдау көрсеткені үшін Джанни Инфантиноға алғысымызды білдіреміз», – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама