Екі жүз ауылда аурухана жоқ - Ажар Ғиният
Медицина мекемелері денсаулық сақтау саласын реформалау кезінде жабылып қалған
Елімізде екі жүзден астам ауылда аурухана жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің айтуынша, ауылда денсаулық сақтау мәселесінде проблема көп.
«Елдімекендерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 13 мыңнан астам дәрігер, 54 мың орта медицина қызметкері бар. 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық мекеме атымен жоқ. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұдан басқа, ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған», – деді ол.
Осы ретте, ол ауылдық жерлерде медицина мекемелерінің не себепті жабылып қалғанын түсіндірді.
«Денсаулық сақтау саласын реформалау жылдарында ауылдарда ауруханалар жабылып қалды. Осыған байланысты ауылдарда медицина мамандарының саны азая бастады. Бүгінде ауылда кадр тапшылығы бар», - деді ведомство басшысы.
Дегенмен министр алдағы ауылдарда медицина мекемесінің көптеп ашылатынын атап өтті.
«Халық саны 50-ден 500 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық пункт, ал халық саны 500-ден 1500 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Бұл халыққа 3 медицина қызметкерінің көмегін тигізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ халық саны 1500-ден 5000 адамға дейін дәрігерлік амбулаториялар және халық саны 5000-нан астам ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары ашылады. Бұл өзгерістер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек алуының қол жетімділігін жақсартады», – деді Ғиният.