«Қазір күштінің заманы»: Қамауда жазықсыз отырғанын айтқан Хаменова соттан әділ шешім шығаруын сұрады
Хаменова 9 айдан бері екі баласын көрмегенін, анасының төсек тартып жатқанын айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады
Атырау қалалық №2 сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Мен өз жұмысымда этикалық нормаларды ұстандым. Рысқалиевтың (облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев – Halyq Uni) «мені Хаменова қорлады, қудалады» деген сөздері барып тұрған жалған. Кез келген басшы өзінің қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Ал Рысқалиев менің бастамам бойынша бір де бір жауапкершілікке тартылған жоқ. Оған қоса Рысқалиев Атырау облысының басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың ұсынысымен мәдениет басқармасына басшы болған. Егер менде оның өзіне немесе жұмысына шағым болса, мен бірінші кезекте облыс әкіміне есеп берер едім. Ауыстыруды сұрар едім. Сотта айтқанымдай, Рысқалиев менің тарапымнан қудалау көрсе, облыс әкіміне неге шағымданбады?», - деді Хаменова.
Бақытгүл Хаменова жұмыс барысында қатал екенін, алайда жұмысқа қатысты сынды этика нормасында жеткізгенін айтты.
...Мен үшін Рысқалиевтың басқа басқарма басшыларынан еш айырмасы болған жоқ. Ол маған етене жақын да емес, өзі айтқандай ұнатпайтындар қатарынан да емес, - деді Хаменова.
Ол сондай-ақ Рысқалиевтың қолма-қол ақша алғаны туралы айтқан сәтіндегі видео бар екенін айтты.
Көлігінде қолма-қол ақша барын айтқан кездегі менің таңданысымды видеодан нақты көре алдыңыздар. Өйткені біз демеушілерден ешқашан қолма-қол ақша алған емеспіз. Қаражат тек аударым арқылы түсіп отырды. Егер бұл біредуен күткен пара болса және мен жемқор шенеунік болсам, Рысқалиевтің қолма-қол ақша дегеніне сонша таңқалар ма едім?, - деді Хаменова.
Бақытгүл Хаменова өзін кінәлі деп санамайтынын, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізді.
«Менің кінәм – «Асыл өлке» басшысы Макееваға («Асыл өлке» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынша Макеева – Halyq Uni) «апарып бер» демегенім болар. Себебі қарбаластың уақыты еді. Бір жиналыстан екінші жиналысқа кірдім, әкімнің жалғыз орынбасары мен болдым. Кейін айтамын, істеймін деген ой осындай жағдайға әкеліп отыр. Рысқалиевке ешкімнен пара алу туралы нұсқау берген емеспін», - деді Бақытгүл Хаменова.
«ТОҒЫЗ АЙДЕН БЕРІ ЕКІ БАЛАМДЫ КӨРМЕДІМ»
«Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Егер менің тиіттей де кінәм болса, мен келісер ме едім? Бірақ менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін», - деді Хаменова.
Сөз барысында Бақытгүл Хаменова көзіне жас алды. Ол тергеу изоляторында отырған 9 айдан бері екі баласын көрмегенін айтты.
«Құрметті сот! Менің әкеден ерте айырылып, шешеден тірі айырылған екі құлынымның дауысын естімегеніме 9 ай болды. Әрі қарай тағдырым қалай болатынын бір Алла біледі. 70 жастағы төсекке танылған анам бар. Құрметті сот! Қазір күштінің заманы. «Назарбаевтың жақтасы», «Назарбаевқа айтады» дейтін болар. Елбасын жақсы көремін. Ол кісі туралы айта беремін. Сол үшін мені жек көретін болса, жек көре қойсын. Бірақ менің 15 жыл бала оқытқанымды, коронавирус кезінде адамдары аман алып қалу үшін алысқанымды ел неге айтпайды?», - деді Бақытгүл Хаменова.
ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырда түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Ташимов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Бақытгүл Хаменованың 4,5 миллион теңгені екі адам арасында бөлгенін айтты. Оның ішінде Ақылбек Рысқалиевқа 2 миллион теңгені өзіңе қалдыр деген.
«Хаменова Рысқалиев Атырау облысы әкімдігі ғимаратынан шыққаннан кейін оны қайта шақырып алған. Жиналыс кезінде шақырып «Сен мынаған өте сақ бол, өте сақ бол! Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» деп айтқан. Осылайша Рысқалиевқа пара ретінде алынған ақшаға сақ болуды ескертті», - деді прокурор.
Алайда Бақытгүл Хаменова сот отырысы барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тек делдал ретінде жұмыс істегенін айтты. «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов пара бергенін мойындады.
2022 жылдың 3 тамызында Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.
2022 жылдың 12 тамызында өткен кезекті сот отырысында Атырау қалалық мәдениет және спорт бөлімінің есеп және есептеу бөлімінің меңгерушісі Лиза Укешова мен Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жексенбай Фазуловтың жауабы тыңдалды. Олар сотқа куәгер ретінде қатысты.
5 қыркүйектегі сот отырысына куәгер ретінде Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяров шақырылды.
«Менің тағдырым, адам тағдыры шешіліп жатқанда, нақты жауап беруіңізді сұраймын. Сізге облыстық мәдениет басқармасынан немесе облыстың 24 басқармасынан бір адам ақшаны аудару керек, қалай да осы ескерткішті орнату керек деп айтты ма? Сізге тапсырма берілді ме?», - деп сұрады Хаменова куәгерден.
Куәгер Нұрбек Ахмедьяров бұл жөнінде телефон арқылы Ақылбек Рысқалиевтан ескерткішті орнату қажет деген тапсырма түскенін айтты.