АҚШ соты Мұхтар Әблязовты табысы мен мүлкін жария етуге міндеттеді
Егер ол талапты елемейтін болса, күніне 1000 доллар айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Қазақстандық оппозиционер әрі қашқын банкир Мұхтар Әблязов табыс көзін жария етпесе, талапкерлерге, БТА банкке және Алматы қаласына 140 мың доллар төлеуге міндеттеледі, деп хабарлады orda.kz.
Тамыз айының соңында АҚШ-тың Нью-Йорк оңтүстік округі бойынша аудандық соты Мұхтар Әблязов 30 қыркүйекке дейін өзі тікелей немесе жанама бақылайтын барлық кіріс көздері мен активтері туралы мәліметтерді ұсынуы керек деп шешті. Бұл туралы БТА банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Егер ол талапты елемейтін болса, күніне 1000 доллар айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Еске салсақ, 2020 жылдың ақпанында сот Әблязов дәлелдемелерді жария етуге қатысудан бас тартқаны үшін БТА банкі мен Алматы қаласына 140 115,60 доллар төлеуге міндеттеді. Дегенмен ол бұл талаптарды орындамады. 16 тамызда өткен кездесуде Әбіләзов телефон арқылы сөйлесіп, әрекетсіздігіне сылтау іздеген. Ақырында, судья Кэтрин Х. Паркер сотталушының барлық түсініктемелерін қабылдамау туралы бұйрық шығарды.
Енді Әблязов 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін өзінің мүлкі туралы тиісті ақпаратты ұсынуы керек. Егер ол тағы да талаптарды елемейтін болса, сотты құрметтемеу деп танылып, талап қоюшыларға $140,115,60 төлеп, бұйрықты орындағанға дейін күніне $1000 айыппұл төлеуі мүмкін.
«Алматы қаласы мен БТА банкі сотқа осы мәселені мұқият бақылауға алғаны үшін алғыс білдіреді. Мұхтар Әблязов, Ілияс Храпунов және олардың сыбайластары сот процесіне адал қатысудан бірнеше рет бас тартып, көптеген сот шешімдерін бұзды», деді Қазақстан үкіметінің кеңесшісі Мэтью Шварц.
Бұған қоса, ол «Әблязовты АҚШ сотының шешімдерін құрметтемегені үшін жауапқа тарту – оны теріс қылықтары үшін жазаланатынын көрсететін маңызды белгі» деп қосты.
Бұрынғы банкир жалған несиелер беру арқылы БТА банктен миллиардтаған доллар жымқырған. Ол Қазақстанда бұған дейін де сотталып, Ұлыбритания соты оны кінәлі деп таныған. АҚШ-та өтіп жатқан сот процесінде Әблязов пен Храпуновтардың қылмысына қатысты қосымша айғақтар, сондай-ақ куәгерлердің айғақтары жинақталды.