Алматы облысында шөпке от қойған адам өрт сөндіруші болып шықты

Дастан Жұмабекұлы

Өрт сөндіруші кінәсін мойындап, кешірім сұрады

фото: ашық дереккөз

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласының маңында жерді өртеген адамның аталған ведомствоға қарасты мекеменің қызметкері болғанын растады.

Ведомствоның хабарына қарағанда, 7 қыркүйекте әлеуметтік желідегі You Tube каналының «Бәсе» аккаунтында «МЧС поджигает Казахстан. Установлена личность поджигателя из Алматы» атауымен бейнеролик жарияланған болатын. Бейнероликте өртті ұйымдастырғандың бірі өртке қарсы қызмет қызметкері Жанат Утеулиев деп айтылған.

Бейнероликте көрсетілген азамат – Алматы қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты, 1983 жылы туған Жанат Ерғалиұлы Утеулиев. Ол азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бастап қызмет атқарады.

Ж.Е. Утеулиевты Алматы облысы Жамбыл ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ұстап, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 1-бөлімінің 440-бабы және 1-бөлімнің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Тексеру шаралары барысында Ж.Е. Утеулиев құрғақ шөпті өртеу бойынша өз әрекетін түсіндіре алмаған. Себебі ол мас болған. Қазір қызметтік тергеп-тексеру тағайындалды, –  делінген хабарламада.

Жерді өртеген адамның өзі видеоға түсіп, шөпті далада тоңып, мас болғаннан кейін өртегенін растап, кінәсін мойындап, кешірім сұрады.