×

Абай облысында өрт сөндіруші қаза тапты

Азаматтық қорғау сержанты Айдос Тоғызбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды

 Дастан Жұмабекұлы 08.09.2022 | 16:50
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Абай облысында өрт сөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Министрлік Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Абай облысы ТЖ департаментінің психологтары өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетуде, – делінген хабарламада.

Ол 7 қыркүйек күні 13 сағат 35 минутта 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учакесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келгенде №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлерімен бірге оқиға орынан барған. Сол жерде олар өртті сөндіруге кіріскен.

Олар автоцистернамен және Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының «КамАЗ» (12 текше метр, - ТЖМ) көлігімен өртті сөндіріп жатқан кезде желдің бағыты өзгеріп, жолдың барлық жағы отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртенді. Сол кезде автоцистерна мен «КамАЗ» көлігі толығымен жанып кетті. Соның кесірінен өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды. Ал Айдос қатты күйік алып, жарақатынан ауруханада көз жұмды. Азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды.

Айдос 36 жаста еді. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды. Жалпы, осы кезге дейін елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы және құтқару қызметтерінің 65 қызметкері қайтыс болды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сол күні өрттің аумағы 500 га жетіп, ол 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Тілсіз жауды сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама