Бұл – қарт саяхатшының жоспарлаған жолындағы 16-шы өлкесі
Қазақстанды жаяу аралауға шыққан саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Алға ауылына жетті деп хабарлады atr.kz.
72 жастағы ақсақал Ұлытаудан Атырау облысына дейінгі бірнеше мың шақырымды 5 айдан аса уақытта еңсерген. Саяхатшының айтуынша, кейбір бағыттарда күре жолмен жүру қиынға соққан. Күніне 40-50 шақырым жүргенде далаға қонған кездері болыпты.
Бұл сапарға шығуды 6 жыл бұрын жоспарлаған Сәрсенбай Оспанұлы қазан айына дейін 8 мың шақырым жол жүруді көздейді. Мақсаты – Ұлытау өңірінің тарихын насихаттап, елдегі ұсталар мен қолөнершілерді дәріптеп, тізімін жасау.
Саяхатшы адамның ерік-жігері берік болса, ешқандай қиындықтың әсер етпейтінін айтады. Тіпті жүре-жүре адам баласы төселіп, күніне бірнеше шақырымды басып өтуге болады екен. Жолда кезіктірген халықтың да саяхатшыға деген құрмет-қошеметі ерекше. Мұны әр аймаққа табан тіреп, кездестірген кезде байқауға болады.
Бұл – Қазақстанның 17 облысын түгел жаяу аралап өтуді мақсат еткен қарт саяхатшының жоспарлаған жолындағы 16-шы өлкесі. Бұған дейін Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарағанды, Нұрсұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал қалаларына табан тіреген. Алдағы мақсаты – Атырау мен Ақтау қалаларын бетке алып, сол жақтан жаяу сапарын аяқтау.