×

Жамбыл облысында құрт шыққан құдықтан екі бірдей ауыл су ішіп отыр

Екі ауылда су бір сағатқа беріледі

 Ұлдана Жұбай 08.09.2022 | 11:35
Halyq Uni

Жамбыл облысында екі ауылдың тұрғындары құрт шыққан құдықтан су ішіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Сөгеті мен Мамай ауылдарында ауыз су мәселесі 60 жылдан бері шешілмеген. Қазір ауылдағы адамдар мен төрт түлік бір құдыққа қарап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Тұрғындардың сөзінше, су күніне бір сағатқа беріледі. Кей адам оған үлгермейді, енді бірі кезекке таласады. Кезек кезінде адамдар арасында кикілжің де жиі туады.

«Күніміз бір құдыққа қарап тұр. Құдықтан бөшкеге құйып су әкелеміз, таңертең сол суды сиыр ішеді. Түстен кейін өзіміз ішеміз. Қайтеміз енді? Тамақ әзірлегенде де осы суды пайдаланамыз. Моншаға айына бір рет түсеміз, кірді де айына бір рет жуамыз. Суды осылай үнемдеп тұтынамыз», - дейді Сөгеті ауылының тұрғыны Дина Жайнақова.

Енді бірі су тасып шаршағанын айтады.

«Жаңа Қазақстан» деп жар салып жатырмыз. Дамыған заманда суды құдықтан алып ішіп отырғанда «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз? Су тасудан шаршаймыз. Беліміз ауырады. Кішкентай балаларды уайымдаймыз. Ойын баласы ғой, кешке қарай үсті-басы шаң болып келеді. Оны жуындырайын десең, су жоқ», - дейді ауылдың тағы бір тұрғыны.

Мамай ауылының тұрғындары да су мәселесін көтерді. Халық таңертең құдық басында жиналады. Бір шелек су алу үшін сағаттап кезек күтеді. Ол судың сапасы да сын көтермейді. Тұрғындар құдықтан қызыл құрт шығып жатқанын айтты.

«Суда құрт бар. Кейде құдықтан су сары түсті болып шығады. Сол суды ішіп отырмыз. Басқа амал жоқ. Балалардың ішіне инфекция түсіп, ауырып жатыр. Кейбірінің іші өтеді. Қызымды жақында ауруханаға апардым. Іші ауырып, құсып жатыр», - дейді Мамай ауылының тұрғыны Шолпанкүл Ошақбаева.

Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Есеевтің айтуынша, екі ауылда ғана емес, аудандағы 12 ауылда су жоқ. Оның сөзінше, екі елдімекенді ауыз сумен қамтуға 1 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет.

«Мамай, Сөгеті елдімекеніндегі ауыз су мәселесін шешу үшін қыркүйекте  жоба-сметалық құжаттары толық әзірленеді. Содан кейін бюджетке өтінім беріп, тиісті жұмысты істейміз», - дейді  Бауыржан Есеев.

Әкімдік бюджеттен қаржы бөлінсе, халықтың мәселесі 1-2 жылда шешілетінін айтады. Ал қаржы бөлінбесе, әкімдік құдықтың құбыры мен сорғысын тазалау жұмыстарын жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама