Олимпиада чемпионы қызметінен кеткенін растағанмен, не үшін кеткенін әзірге айтқан жоқ
Белгілі боксшы, Афина олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев ҚР бокс федерациясының вице-президенттігі және мемлекеттік жаттықтырушы қызметінен кетті.
Бақтияр Артаев қызметтен кетіп жатқанын растағанмен, оның себебі туралы ештеңе айтпады.
Еске салайық, Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында қамауда жатқан Арман Жұмагелдиевке («Дикий Арман») араша түсіп, оны қамаудан босатуды сұрап жазба қалдырды.
«Арман Жұмагелдиев бауырым үшін жүрегім ауырады. Оның құқық қорғау органдарының қолына түсіп, қонақ үй қабырғасына сүйене отырған суретіне қарасам, көзіме тордағы қайрансыз қалған көкжалдың сұсты бейнесі елестейді. Иә, оны жұрт қылмыскер, банды санайды. Арман – жемін түзден тауып жейтін қасқыр жігіт. Шамасы келсе, түзден тапқанын жұртымен қақ бөлісіп жейді. Оны білеміз. Пандемияның алғашқы жылы жұрт бір жұтым ауаға қиналып, қынадай қырылған кезде егілген жұрттың қыстыққан дауысын алғаш естіген бөрінің бірі сол еді. Біз ер қадірін білмейтін қыңыр жұртпыз ғой. Бірақ, тірісі білмесе де кешегі пандемияда сол Арман арттырған ИВЛ аппараттарының көмегімен жарты минут болса да бір жұтым ауаның қадірін білгендер бар. Көздері жәудірей жатып жан тапсырған талай қазақ баласы Арманға алғысын айтып кеткен де шығар. Айтпағым, Арман бауырыма бостандық сұраймын. Елінің бөрісі аман бол!» деп жазды ол.
7 ақпанда Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров ел арасында «Дикий Арман» атанып кеткен Арман Жұмагелдиевке қатысты тың мәліметтерді айтты.
Оның айтуынша, «Дикий Арман» тобының қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған. Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған.
Басында полиция Арман Жұмагелдиевті атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатыр екен. Қазір арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, тергеуді өз мойнына алған. Сондай-ақ Арман Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылған.