Алматыда ағаштарды өртеген адам ұсталды

Динара Амантай

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Коллаж: Halyq Uni

Алматыда ағаштарды қасақана өртеп жүрген адам ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бейнекамералар мен куәгерлік айғақтардың көмегімен Бостандық ауданындағы өрт орнында күдікті ер адам анықталды.

Ол – 1968 жылы туған азамат. От жаққанын мойындады. Ер адам мас күйде болғанын және консервілерді жылытқысы келгенін айтқан. Бірақ өрт бұталарға өткен, сол кезде ер адам қорыққанынан оқиға орнынан кетіп қалған, – делінген хабарламада.

Айта кетсек, мұндай жағдай 6 қыркүйекте Жамбыл ауданы Еңбекшіарал кентінің маңында да болған. Полицейлер ағаштарды өртеп жіберген ер адамды анықтап, аудандық полицияға жеткізді. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден жауап алу кезінде ер адам өз әрекеттерін түсіндіре алмады, өйткені өртеген кезінде ол мас болған. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз адамның жалынға оранып жатқан Көктөбенің баурайындағы ағаштарға от қойып жүргені бейнеленген видеоның тарағанын жазған болатынбыз. Сонымен бірге Алматыда тау баурайы мен Көктөбе саябағы маңында өрт шыққанын хабарлаған едік.