Төтенше жағдайлар министрі өртке қатысты мәлімдеме жасады

Дастан Жұмабекұлы

Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрт сөндірілді

фото: Нұрдәулет Әбікеев

Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрт сөндірілді.

Бұл туралы жедел штаб басшысы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады.

Өрттің аумағы 43 мың гектар болды. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылды.

Өртті сөндіру жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылды. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының күштері мен құралдары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысатын болады. Сонымен қатар ТЖМ полкінің жеке құрамы командирлермен бірге және Қостанай облысының бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер кешке дейін жұмыстарын жүргізіп, тұрақты жұмыс орындарына оралады, - деді Юрий Ильин.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының хабарлауынша, өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академиясының, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары: 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1785 адам жұмылдырылды.

Өрт сөндіру басталған сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашты.

Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан- 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына - 250 адам ).

Әулиекөл орта мектебінің (16 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам) эвакуациялау пунктінде 17 адам, оның ішінде 7 бала бар. Эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі өз үйлеріне оралды, қалғандары туыстарының үйінде.

ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті.

Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек көрсетеді. Консультативтік көмек 124 адамға көрсетілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.

Сөндіру жұмыстары жалғасуда.