ШҚО-да шыққан өрттің елдімекенге жетуіне 50 метр ғана қалды
Тілсіз жау Глубокое ауданының ауылдарына түнгі сағат 01.00 шамасында жақындаған
Шығыс Қазақстан облысында тілсіз жау елді мекенге жақын қалды.
Шығыс Қазақстан облысында далалық жер мен орман өрті көбейді. Қазір өрт сөндірушілер төрт ауданда тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Қолда бар дерекке қарағанда, жалын жалпы аумағы 1100 гектарды алған. Ал Глубокое ауданында түнгі сағат 01.00 шамасында тұтанған тілсіз жау елді мекенге жақындаған.
Бүгін «Каменный карьер» ауылы от құшағында тұр. Елді мекенге бар-жоғы 50 метр ғана қалған.
Шығыс Қазақстан төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құрғақ шөп пен бұта өртенуде. Оны сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен, орманшылардан, жергілікті атқарушы органдардан және полицияның жеке құрамының 19 техника мен 118 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, ауылды өрттен сақтап қалу үшін, Ұлттық Ұланның 401 сарбазы мен 41 техникасы көмекке келді. Өртті дереу сөндіруге жел кедергі келтіруде. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетті.
Мамандар өңірде өрт қаупі сақталып отырғанын айтуда. Сол себепті халықтан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.
Бұған дейін хабарланғандай, өрт облыстың Алтай, Глубокое мен Күршім аудандарына тараған.