Құжат саяси реформаларды жүзеге асыруды көздейді
Мәжілістің жалпы отырысында президенттің өкілеттігін қысқартатын заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауындағы саяси реформаларды толығымен жүзеге асыру үшін әзірленген.
Конституциялық заң жобасы 7 конституциялық заңдарға түзетулерді енгізуді көздейді. Заңның жобасы 51 заңға, оның ішінде 15 кодекске түзетулер енгізуді қарастырады.
Сондай-ақ заң жобалары 7 бағыт бойынша түзетулерді қамтиды.
«Президентке қатысты түзетулерге тоқталайын. Заң жобалары президенттің жергілікті атқарушы органдарға және Жоғарғы сот кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіліктерді, Сенаттағы «Президенттік квотаны» қысқарту, сонымен қатар президент лауазымын атқару кезеңінде енгізілетін жекелеген шектеулер бойынша түзетулерді қамтиды, - деді Әділет министр Қанат Мусин.
Министр Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібіне қатысты түзетулерге де тоқталды.
Сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне және Қазақстанның «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ұсыныстары бойынша «президенттік квотаны» қолдану тәртібінің өзгеруіне байланысты түзетулер осы заң жобаларының аясында қарастырылған. Бұдан басқа Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Парламенттің бірқатар жаңа өкілеттігі бойынша түзетулер бар, - деді ол.
Сонымен қатар заңда Үкіметке қатысты түзетулер де бар.
«Енді Үкіметке Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, заңды күшіне енген уақытша қаулыларды қабылдау бойынша өкілеттіліктер беріледі. Мынаны атап өткен жөн, мұндай актілер айрықша және осындай актілерді негізсіз қабылдау тәуекелдерін азайту талаптары және басқа жағдайлар осы заң жобаларының аясында қарастырылған», - деді министр.