Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Құжат омбудсменнің құзыретін күшейтуді көздейді.
«Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларымен уәкіл қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді. Енді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады», - деді Әділет министрі Қанат Мусин.
Құжатта уәкілдің құзыретін күшейту және оның қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру көзделеді.
Омбудсменге адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы беріледі.
Сонымен қатар оған басқа мемлекеттердің шақыруымен адам құқықтары мен бостандығының сақталуына бақылаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады.
Уәкілдің құзыретін күшейту үшін оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі, - деді министр.
Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымы енгізіледі және Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.