Астанада полицейлер балаларды ажалдан аман алып қалды
Патрульдің бірі беліне арқан байлап, әріптесінің көмегімен пәтерге кірген
Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер көпқабатты үйдің пәтерінде қараусыз қалған екі баланы құтқарды.
Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полицияға кешкі сағат 20.29 шамасында Молдағұлова көшесінде тұратын адамдардан тұрғын үйдің 4 қабатындағы ашық терезеден баланың сыртқа қарап тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына автопатрульдің құрамында болған полиция аға лейтенанттары Ринат Мұхамеджанов пен Таскен Сакен дереу келді. Үйдің есігі жабық болғандықтан, полицейлер 5-қабаттың терезесінен бөлмеге кіріп, балаларды бір ажалдан құтқарып қалды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, патрульдің бірі беліне арқан байлап, әріптесінің көмегімен 3 және 1 жасар екі бала ажалдан аман алып қалған.
Осыдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы оқиға орнына уақытында келіп, қайғылы жағдайдың алдын алған екі полицей марапатқа ұсынды.