×

Конституциялық сотта даулар қаралмайды – министр

Депутаттар Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

 Дәурен Ерболат 07.09.2022 | 10:49
Қанат Мусин, фото: turan.edu.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әділет министрі Қанат Мусин заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, құжат 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады. Жобаны екі бөлікке бөлуге болады.

«Біріншісі, Конституциялық сот судьяларының мәртебесі мен кепілдікпен қамтамасыз етілуі, екіншісі Конституциялық іс жүргізу тәртібі. Конституциялық сот биліктің сот тармағына жатпайды. Себебі бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Конституцияық сот еліміздің аумағында Конституция үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Ал оның судьялары мәртебесі Конституциямен айқындалатын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын мамандар болады», - деді ведомство басшысы.

Заң жобасында конституциялық сот судьяларын тағайындау және өкілеттігін тоқтату туралы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған. Олардың тәуелсіздігінің кепілдігі де бекітілген.

Конституциялық сот судьяларының жоғары мәртебесін ескеріп, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету нормалары енгізілген. Атап айтқанда сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас конституциялық сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады, - деді Қанат Мусин.

Министр Конституциялық сотта даулар қаралмайтынын атап өтті.

«Конституция және заң бойынша Конституциялық сот Қазақстандағы сот жүйесіне кірмейді. Конституциялық сотты тағы бір жоғарғы сот инстанциясы деп қарауға болмайды. Өйткені Конституциялық соттың құзыреті басқа. Ол дауларды қарамайды. Ол тек құқықтық мәселелерді шешеді. Мысалы, Конституциялық сот заң және нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. Тек осыған қатысты шешім шығарады. Сондықтан Конституциялық сотта Жоғарғы соттың және басқа соттардың шешімін бұзу мәселесі қаралмайды», - деді басшы.

Депутаттар Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама