Бұл құрылыс компаниялармен жасалған барлық мәмілелер жарамсыз болып саналады
Нұр-Сұлтан қаласында құрылыстың бастапқы сатысында үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жасалды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, тізімде көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәмілелер (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты) жарамсыз болып саналады.
«Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі азаматтардан өз қаражатына сақ болуды сұрайды және рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алмаған жөн екендігін жеткізді.
Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылардың тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.