Қазақстанда трансұлттық қылмыстық топтардың 11 мүшесі ұсталды

Халық үні

Ұсталғандарға қатысты«күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері трансұлттық қылмыстық топтардың 11 мүшесін ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті жедел әрекет барысында Бас прокуратураның көмегімен бір-бірімен күреске түскен екі трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті.

Олар өз ұлтының кәсіпкерлерінен заңсыз алым салып, олардың арасында қылмыстық идеялар мен ұрылардың ұстанымдарын енгізуге әрекеттенген.

Алматы, Атырау, Петропавл, Ақтау қалалары мен Жамбыл облысының аумағында ІІМ-нің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің қатысуымен жүргізілген арнайы операция кезінде жедел қызметкерлер қылмыстық топтардың 11 мүшесін, соның ішінде қылмыстық текетірестерге тартылған «киллерді» ұстады.

Олардың жүрген жерлері мен тұрғылықты мекенжайларына 25 тінту іс-шарасы жүргізіліп, атыс қаруының арсеналы, шетел валютасындағы үлкен көлемдегі ақша, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі есірткі құралдары тәркіленді.

Ұсталғандарға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Басқа да қылмыскерлерді ұстау және жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр.