Halyq Uni логотип
×

Атырауда басқарма басшысының орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 30 жастағы шенеуніктің 10 ақпан күні ұсталғанын растады

 Айнұр Асылбекқызы 11.02.2022 | 17:14
Атырауда басқарма басшысының орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Нұрқуат Нудин, фото: facebook

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Нұрқуат Нудин сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша күдікке ілінді. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Кеше, 10 ақпан күні оны Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұстап, қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қазір Нудиннің өзімен хабарласу мүмкін болмай отыр. Оның ұялы телефон номері өшірулі.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері әзірге ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Әлия Жамитова 30 жастағы шенеуніктің қазір жұмыс орнында жоқ екенін және оның 10 ақпан күні ұсталу дерегін растады. Бұдан бөлек, ол бұл деректің Нұрқуат Нудиннің қазіргі лауазымына еш қатысы жоқ екенін айтады.

Нұрқуат Нудин денсаулық сақтау басқармасына басшы орынбасары лауазымына былтыр 1 сәуірде тағайындалған. Ал, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымында 2019 сәуір —2021 наурыз аралығында қызмет еткен.

Бізге белгілісі, ол бұдан бұрын облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып тұрған кезде жасалған іс-әрекеттері бойынша күдікті ретінде танылып отыр.  

Айтпақшы, бұл облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровтың ісіне еш қатысы жоқ.   

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында Құлсары қаласында салынған 200 орындық аурухананы пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға ықпал еткені үшін 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі («Қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде пара алуы») бойынша тергелді.

Тергеу ісінің материалдары сол жылдың 3 желтоқсанында сотқа жетіп, қазір іс әлі қаралып жатыр.

Егер олардың кінәсі сотта дәлелденсе, онда оларға алған параның 80 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

2020 жылдың 22 мамырында М.Досмұхамбетов ҚР Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Нұрлан Таубаевты өзінің бірінші орынбасары етіп тағайындады, ал сол жылдың 26 маусымында Тимур Басаровты облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне тағайындады.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тергеу кезінде тергеушінің сұрақтарына жауап бере отырып, ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы бойынша нысанның құрылыс барысын Атырау облысының әкімдігі бақылайтынын және құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды пайдалануға қабылдау актісіне облыстық құрылыс басқармасының басшысы қол қоятынын растаған болатын.

Одан бөлек, ол бұрынғы орынбасары Таубаевтың кінәсі сотта дәлелденсе және оған айыптау үкімі шықса, қызметтен кететінін бірнеше рет мәлімдеген еді.

Еске салсақ, Таубаевтан соң Атырау облысы әкімінің тағы екі орынбасары – Қайрат Нұрлыбаев пен Бақтыгүл Хаменова сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша күдікті деп танылған болатын. Нұрлыбаевтың соты қаңтарда басталды. Ал Хаменоваға қатысты қылмыстық істің материалдары сотқа әлі жеткен жоқ. Ол қазір тергеу абақтысында отыр.

Атап өтсек, Нұрлыбаев 2019 жылы ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары болып тұрған кезде Құрманғазы ауданындағы «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 83,7 миллион теңге инвестициялық субсидияны заңсыз төлеген деп айыпталды. Оған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу дерегі (ҚР қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-тармағы) бойынша айып тағылды.   

Ал Хаменова былтыр 10 желтоқсан күні Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.

Ескерткішті орнату туралы ұсыныс былтыр екі рет жасалған: бірінші рет облыстық мәслихат сессиясында, кейін ұлы ақынның 175 жылдығын тойлау аясында. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар идеяны қолдап, содан кейін тендерге дайындық басталған.  

Бақытгүл Хаменова облыс әкімінің орынбасары лауазамына былтырғы 13 наурызда келген. Оған дейін «Нұр Отан» партиясы атынан Мәжілістің VI шақырылымының депутаты болды.

Дауға айналған Атыраудағы Абай Құнанбаевтың ескерткіші былтыр 30 желтоқсанда ашылды. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі – 11 метр. Авторы – мүсінші Асқар Нартов. Ескерткіш Нұрсая ықшамауданындағы Абай орталығы алдына орнатылды. Айтпақшы, дәл осындай ескерткішті дәл сол мүсіншінің авторлығымен Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқан.   

Серіктес жаңалықтары

Сараптама