Қайтыс болған әйелдің анасы күйеу баласы қызын бұған дейін де пышақпен қорқытып, тіпті қыздарының көзінше қылқындырып, қол жұмсаған дейді.
Шымкентте тағы бір әйел күйеуінің қолынан мерт болды. Марқұмның туысының айтуынша, күйеу баласы қызын бес рет пышақтаған соң мәйітін көлігіне салып алып, қала көшелерін аралаған.
Экспресс К басылымының жазуынша, қанды оқиға 31 тамызда болған. Қайтыс болған әйелдің анасы күйеу баласы қызын бұған дейін де пышақпен қорқытып, тіпті қыздарының көзінше қылқындырып, қол жұмсаған дейді. Етегі жасқа толған ананың зарын тыңдаған белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің мәліметінше, тергеушілер қанды оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу) бойынша іс қозғаймыз деген екен.
Жалғыз қызынан айырылған Шымкент тұрғыны оқиға болардан бірнеше күн бұрын күйеу баласы, қызы мен немерелерін тауға демалуға апарып, сол жерде ұрыс болған дейді. Күйеу баласы қызын пышақпен қорқытып, екі қызының (марқұмның қыздары) көзінше қылқындырып, ұрып-соққан көрінеді.
27 тамыз күні қызым мен екі немеремді тауға алып барған. Сол жерде ұрыс шығып, ұрып-соққан. Осы уақытқа дейін қызымды қорқытып келген екен. «Ақшам көп, бәрін сатып аламын, жалғыз ағаңды өлтіріп кетемін. Үйіңдегілерді қырамын» деп күшпен ұстап келіпті. Үрейленгендіктен ол туралы қызым бізге ешнәрсе айтпай келген. Оны немерелерімнен енді естіп отырмын. Үйде Құран оқытып шай бергенде қызым «Өмірде жаңылыстым, құтқарыңдар» деп бір ғана ауыз сөз айтты. Ашып ешнәрсе айта алмады. Содан қызымның өміріне алаңдап, үйге алып келгенмін, – деді ашынған ана.
31 тамыз күні марқұм әйел үлкен қызы оқуға түсіп, құжаттарын жинау үшін үйінен шыққан екен. Сол кезде оны күйеуі аңдып отырған көрінеді. Қайтыс болған әйелдің ағасы Ержан Қыстаубаев қарындасы күндіз үлкен қызымен сөйлесіп, кейін кенеттен телефоны сөндірілгенін айтты.
Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын болып, үйден шыққан. Сағат 12.00 шамасында қызына хабарласқан, сол кезде күйеуі қасында болған. Оны қызы естіген. Дереу бізге хабар берді. Біз бірден полицияға барып, іздедік. Қаралы хабарды солардан естідік. Полиция өз еркімен берілді, ұсталды деп айтты. Күдікті өз еркімен берілсе, қозғалатын бап өзгеріп кетуі мүмкін деп жатыр. Біз нақты қай баппен іс қозғалғанын білмейміз. Бірі Қылмыстық кодекстің 106-бабымен тіркедік дейді. Қазір ғана тергеушімен сөйлестім, 99-баппен тіркедік деген хабар келді. Нақты кімге сенерімізді білмей отырмыз, себебі әрқайсысы әртүрлі ақпарат береді. Бұл ақшасына, таныстарына сеніп, жазадан құтылып кете ме деп отырмыз. Себебі жоғары жақта лауазымды адамның өкіл баласымын дейтін. Нақты қандай қызмет, кім екенін білмеймін, – деді марқұмның ағасы.
Анасының айтуынша, күйеу баласы 8 жыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, кейін банкте істеп, соңғы кезде бизнеспен айналысып жүрген.
Экспертиза қорытындысында әйел бес жерінен пышақ жарақатын алған деп көрсетіліпті. Алғашқы жарақатынан соң екі минут ішінде бірден жан тапсырған екен.
Бес жерінен пышақтаған. Мойнына үш рет, жүрек тұсы мен тобықтың үстінен ұрған. Оның мақсаты өлтіру болған. Полицияға қызымды өлтіру үшін үш күн дайындалдым деген. Өлтірген соң мәйітін көлігіне салып алып, қаланы аралап жүрген. Үйіне кіріп, жуынып-шайынып, үстіндегі қанын кетірген. Кейін анасы мен әпкесіне «Келіндеріңді өлтіріп алдым» деп хабарласыпты. Содан інісін шақырып, көлікпен жүрген. Білмеймін, бәлкім қызымды өлтіруге сол інісі де көмектесті ме? Сұрақ көп... Дұрыс тергеп-тексеріп жатқан бір адам жоқ. Екі қызы тұл жетім боп қалды, – деді анасы.
Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүріп, күдікті заң аясында әділ жазасын алуын талап етіп отыр.
Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер аталған оқиға бойынша мән-жайды анықтап, кейінірек пікір білдіруге уәде етті.
Айта кетейік, марқұм әйел 40 жаста болған. Бірінші некедегі күйеуі 10 жыл бұрын қайтыс болған. Екі қызын жалғыз өзі өсірген. Ал күдіктіге тұрмысқа шыққанына небәрі үш ай өткен екен. Заңды түрде некеге тұрып үлгермеген. Күдіктінің жасы 50-де. Ержан Қыстаубаевтың айтуынша, күйеу баласының алғашқы некесінен балалары болмаған.