Ресейден Қазақстанға 40-тан аса компания көшіп жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Олардың басым бөлігі Германия мен АҚШ-тың кәсіпорындары

фото: ашық дереккөз

Ресейден 40-тан астам шетелдік компания Қазақстанға көшіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты.

Ол Қазақстан Ресей нарығынан кетуге ниеттеніп отырған 20-дан астам елдің 300 компаниясына қызығушылық танытып отырғанын, олардың басым бөлігі Германия мен АҚШ компаниялары екенін атап өтті.

Қазақстанға көшіп келуге 44 компания қызығушылық танытып отыр. 50 компания бірден көшіп келе алмайтындарын, Ресейдегі жағдайдың бұдан әрі қалай дамитынын күтіп отырғандарын мәлімдеді. Ал 44 компания біздің елге кеңселерін, өндірістерін, қызметкерлерін көшіріп әкеліп жатыр, –  деді ол астанада өткен Қазақстан-Германия бизнес форумында.

Оның айтуынша, көшіп келіп жатқан компаниялардың көбісі өнеркәсіп, сауда және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді. Ең бірінші болып америкалық Honeywell корпорациясы кеңсесін Ресейден Алматыға көшірді. Басқару және автоматтандырудың электронды жүйесін шығаратын компанияның айналымы бүкіл Қазақстанның ішкі жалпы өнімінен асып түседі. Компаниялардың көпшілігі Қазақстанға келе алмаса да Еуразия нарығында қалғысы келеді.