×

Екі жылда 650 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылады

Пациенттердің деректері тікелей облыстық ауруханаға жеткізіледі

 Дастан Жұмабекұлы 06.09.2022 | 16:19
фото: ашық дереккөз

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кездесіп, Мемлекет басшысының телемедицинаны дамыту, бизнес-процестерді реинжинирингтеу, деректерді жинаудың заманауи технологияларын енгізу, медициналық бейнелерді сақтауды орталықтандыру және жасанды интеллекті енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесін талқылады.

Президент өз жолдауында екі жылда Қазақстанның 650 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылатынын атап өтті. Сонымен қатар, президент шалғай аудандардың тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін телемедицинаны дамыту мәселесін басты назарға алуды тапсырған болатын.

Кездесуде тараптар телемедицинаның толық функционалын көрсетуге арналған пилоттық өңірлерді анықтау туралы келісімге келді. Осыған байланысты Бағдат Мусин елімізде бірнеше фельдшерлік-акушерлік пунктерді пациенттердің деректерін тікелей облыстық ауруханаға ұсынатындай етіп жабдықтайтынын айтты. Оның айтуынша, дәрігерлер осы арқылы пациентке көмек көрсету туралы шешімді тез арада қабылдай алады. Осы ретте, денсаулық сақтау министрлігі онлайн-қызмет көрсетуді ынталандыру үшін бірқатар құжаттарға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі күн өткен сайын өзекті мәселеге айналып барады. Жасанды интеллектті сертификаттау бойынша процестерді белгілі бір аурулармен күресуге көмектесетін құрал ретінде бастау керек.

Бірақ алдымен бірыңғай ақпарат сақтау қоры мен суреттерді сақтау жүйесін жасау қажет. Себебі, бұл әзірше жүйесіз сервис. Ал жасанды интеллект жұмысы деректер көбейген сайын жанданып, нәтижесі дәлірек бола бастайды, –  деді ол.

Сондай-ақ ол денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруда медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керектігін, осы мақсатта медициналық мекемелердегі құжат айналымын түрлі қажетсіз формалардан арылту және деректерді қалыптастыру жұмыстарын өзектендіру бойынша бірігіп жұмыс істеуге келіскендерін айтты.

Осы ретте Бағдат Мусин Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері басқа мемлекеттік органдардың, мысалы, Прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Әділет министрлігінің және басқа да ведомстволардың ақпараттық жүйелерімен тығыз байланысты жұмыс істеп, интеграциялануы тиіс екенін атап көрсетті.

Біз Цифрлық министрлік ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің бастамаларын қолдауға дайынбыз. Денсаулық сақтау бағыты цифрландыру тұрғысынан алғанда ең озық салалардың бірі болуы тиіс, –  деді ол.

Сонымен ьбірге кездесуде ведомство басшылары дәрі-дәрмек айналымы, медициналық қызмет және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салаларында автоматтандырылған мемлекеттік бақылау құралдарын енгізу аспектілерін талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама