Әуесқой велошабандоз Торғайдан Түркияға аттанды

Дастан Жұмабекұлы

Ақкөлден басталған марафон Анадолыда аяқталады

фото: ашық дереккөз

Белгілі журналист әрі аудармашы, бірнеше кітаптың авторы Ернат Мелсұлы велосипедпен 5555 шақырым ұзақтықты қамтитын 55 күндік марафонды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап, Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Сартүбек елді мекенінің сары топырағынан қуат алып, ұлы тұлғаның басына тағзым етіп, Түркияға аттанды.

Бұған бейін Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше мәрте өзгеріс енгізген әуесқой велошабандоз еліміздің төрт облысы (Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау) мен Әзербайжан, Грузия және Түркия мемлекеті аумағын да басып өтеді.

5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Алаш арысының кіндік қаны тамған Ақкөлден басталған марафон Түркияның Ыстамбұл қаласындағы қазақтар көп шоғырланған Гюнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, құран бағыштаумен аяқталады.