Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында 78 мыңға жуық өзге ұлт баласы қазақ тілінде оқиды

Облыста қазақ тілінде білім беретін 718, орыс тілінде оқытатын 7 және аралас тілді 226 мектеп бар

 Айгерім Таубай 06.09.2022 | 15:04
Түркістан облысында 78 мыңға жуық өзге ұлт баласы қазақ тілінде оқиды
Halyq Uni

Түркістан облысында 951 мектеп бар. Оның ішінде 814 мектеп ауылда орналасқан. Облыс бойынша мектептерде 508 637 оқушы білім алып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2022-2023 оқу жылына 1-сыныпқа 54 570 оқушы қабылданды. Оның ішінде 40 074 баланың ата-анасы қазақ тілінде білім беретін сыныпты таңдаған.

Түркістан облысындағы 951 мектептің ішінде 718 мектеп қазақ тілінде білім береді, орыс тілінде білім беретін 7 мектеп бар. Сондай-ақ облыс бойынша аралас тілді 226 мектеп жұмыс істейді.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының хабарлауынша, 1-11 сынып аралығында қазақ мектебіне баратын ұлты қазақ емес 77 974 бала бар. Ал облыстағы 7 орыс мектебінде ұлты қазақ 3 819 бала білім алады.

Аралас тілді 226 мектепте 183 771 оқушы білім алады. Оның ішінде қазақ-өзбек тілінде білім беретін 98 мектеп бар. Бұл мектептерде 83 039 оқушы білім алады, - делінген басқарманың Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Қазақ-өзбек тілінде білім беретін мектептерде 2 034 қазақ сыныбы және 1 547 өзбек сыныбы бар. Қазақ-өзбек тілінде білім беретін 98 мектепке ұлты қазақ 40 844 бала және ұлты өзбек 40 859 бала барады. Сондай-ақ бұл мектептерде ұлты орыс 203 бала мен өзге де ұлттың 1 133 баласы білім алып жатыр.

Сондай-ақ облыста қазақ-тәжік тілінде білім беретін 11 мектеп бар, ол жерде 7 033 оқушы білім алады.

Бұл мектептерде 197 қазақ сыныбы және 202 тәжік сыныбы бар. 11 мектепте ұлты қазақ 2 130 бала және ұлты тәжік 4 693 бала, ұлты өзбек 104 бала оқиды.

Түркістан облысында қазақ-орыс тілінде білім беретін 104 мектеп бар. Бұл мектептерде 78 450 оқушы білім алып жатыр.

Бұл мектептерде 3 790 қазақ сыныбы және 1 602 орыс сыныбы бар. Ол жерде 57 908 қазақ бала мен ұлты орыс 5 922, ұлты өзбек 6 658, ұлты тәжік 1 869 бала білім алады. Одан бөлек ұлты басқа 6 089 оқушы қазақ-орыс тілінде білім беретін мектепте оқып жатыр.

Қазақ-өзбек-орыс тілінде оқытатын 12 мектеп жұмыс істейді. Ол жерде 12 276 оқушы білім алып жатыр. Мектептерде қазақ сынып саны – 167, орыс сынып саны – 115, өзбек сынып саны – 348.

Бұл мектептерде ұлты қазақ 2 689 бала, ұлты өзбек 9 287 бала бар. Сондай-ақ ұлты орыс 86 бала бар.

Түркістан облысында қазақ-өзбек-тәжік тілінде оқытатын бір мектеп бар. Ол мектепке 627 бала барады. Мұнда қазақ тілінде білім беретін 16 сынып, 11 өзбек сыныбы және 12 тәжік сыныбы бар.

Бұл мектепте 132 қазақ бала, ұлты өзбек 73 бала және ұлты тәжік 420 бала білім алып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама